Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі
Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек.
Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді.
Осыған байланысты, мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын.
Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық.
Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер.
VI-VII ғасырлар – ерте орта ғасыр кезеңі. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қолданылды.
Бұл адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі ретінде белгілі.
V-XV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлығының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды.
Мәселен, Алтын Орданың бүкіл ресми құжаттары мен халықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылып келді.
Халқымыз Ислам дінін қабылдаған соң руникалық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала бастады.
Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды.
1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады.
Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды.
1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды.
Осылайша, қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келді.
Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім.
Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз.
Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз.
Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек.
Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты.
Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес.
2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты слабовидящихн қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет.
Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс.Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұрады» деп, Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруда ғана емес, сонымен бірге біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап ететінін алға тарта отырып, таяу жылдары атқарылуы тиіс міндеттерді белгілеп берді.
Елбасының бағдарламалық мақаласын әбден екшеп, ой елегінен өткізіп, мың ойланып, жүз толғанып барып қолына қалам ұстағаны анық. Бұл еңбекті елдік толғауы десек те болады. Себебі қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі Қазақ елінің рухани жаңғыруы аясында жүзеге асырылғалы отырған кең ауқымды жобалардың бірі екені айдан анық. Қоғамдағы қызу талқылаулар бұл проблеманың қаншалықты маңызды екенін дәлелдеп отыр. Қазақ елі латын қарпіне көшуге ауық-ауық талпыныс жасап келеді. Елбасы 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының XІІ сессиясында латын графикасына көшу мәселесін зерттеуді тапсырған болатын. Осыған орай арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында білікті тіл ғалымдары мен қоғамдық институттардың мамандары жұмыс істеді. Жалпы қазақтың тіл мамандары керек. Соңғы мәліметтер бойынша елімізде қазірге дейін жүзден астам жоба дайындалған. Әзербайжан, Өзбекстан және Түрікменстанға ғылыми экспедициялар ұйымдастырылып, тәжірибелері мұқият сараптаулардан өткізілді.
Қазіргі кезде латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты ел арасындағы айтылып жатқан пікірлерді негізінен үш топқа біріктіріп қарауға болады: оның біріншісі, неше түрлі қиындықтар мен кедергілерді көлденең тартады, бұл «қиындықтарды» мемлекетіміз шеше алатынына сеніміміз мол, екінші біреулері, латын жазуының түрлі ақпарат кеңістігіндегі артықшылықтарын алға тартады, «латын жазуының артықшылықтарын» айтпай-ақ ел біліп, көріп отыр, ал үшінші бір топ, латын әріптерін қазақ әліпбиіне үйлестіру және кирилл әріптеріне иек артқан бұрынғы емле-ережелерімізге реформа жасауды ұсынып отыр. Латынға көшу туралы жоғарыда айтылған алғашқы екі мәселеге әр түрлі мамандық иелері белсенді пікір айтса, соңғы үшінші, яғни, латын әріптерін қазақ әліпбиіне үйлестіру ісінде негізінен тіл мамандары белсенділік танытып отыр. Бірақ тіл мамандарының да көзқарастары екі түрлі екенін байқаймыз. Оның бірі әліпбиге, негізінен, ана тіліміздің төл дыбыстарын алу арқылы қазақ тілінің табиғи ұлттық болмысын сақтауға ұмтылса, екіншісі, қазіргі оқыған жұрт бұрынғыдай өзге тілдің сөздерін бұзып айтуды оғаш көреді, сондықтан «қазақ тілі әліпбиінің құрамындағы қыруар әріпті өгейсітіп, жат дыбыстарға жатқызып, әліпбиі құрамынан шығарып тастау емлені шешуі қиын өте күрделі түйінге айналдыратын шешім» деген пікір айтып, қазіргі әліпбидегі жуандық және жіңішкелік таңбасынан басқа қырық әріпті де қалдырмай латынға алып өтуді жақтайды[2.4].
Латын графикасына (таңбасы) негіздерген қазақ әліпбиін жасау ісінде тіліміз дыбыс жүйесіндегі төл дыбыстар мен өзге тілден енген кірме дыбыстарды жеке-жеке қарастырып, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен жазу барысында туындайтын әр түрлі заңдылықтары ескерілуі тиіс. Сондықтан Әліпби жобасын жасау ісінде латын графикасын қазақ әліпбиіне икемдеу бағытында өзінің салмақты ойлары мен ғылыми маңызды зерттеулерін көп талқысына ұсынып жүрген білікті ғалым Әлімхан Жүнісбек еңбектерінің маңызы зор деп білеміз. Қазіргі таңда Ә.Жүнісбек бастаған ғалымдар қазақ тілі дыбыс жүйесіндегі 28 фонеманы (9 дауысты, 19 дауыссыз) латын графикасымен таңбалап, жаңа қазақ әліпбиін дайындап отыр[12]. Бұған қоса, кірме сөздерді таңбалау үшін «в», «ф», «һ» әріптері де әліпбиге алынуы мүмкін. Себебі бұл әріптер 1938 жылы әліпбиімізге енгізгелі қазақ тілінде әбден орнығып, біздің еркімізден тыс 80 жылға жуық уақыт қазіргі сөйлеу тіліміздегі болып жатқан үдерістерді таңбалап жүр деген көзқарас бар. Сөйтіп, ғалымдар шамамен 31-32 әріптен тұратын әліпби жасауды нысана етіп отырған сияқты. Бұл бұрынғы 42 әріптің қысқарып, шамамен 10 таңбасы алынып тасталынатынан көрсетеді. Мысалы, бұрынғы әліпбиде «ащы», «тұщы» және өзге тілден келген «щетка», «щи» деген санаулы сөзді таңбалау үшін арнайы «щ» әрпі алынған болса, енді осындай әріптердің қысқаруы нәтижесінде кірме әріптерге қатысты 30-40 басы артық ереже өзінен өзі жойылып кетеді екен. Сондықтан қазір Ә.Жүнісбек, Н.Уәли сияқты ғалымдар қазақ әліпбиін латын графикасына көшіріп қана қоймай, бұл жұмысты одан әрі қазақ жазуын реформалау (қайта қарастыру) ісімен байланыстыру қажеттігін айтып отыр.
1. Ұсынылған әріптерді нөмірлеу ретінен 8-ші орындағы «H, һ» (эйч), әрпіне рет санын бермей, көмекші, дыбыссыз белгі ретіндеқарастыру қажет. Ол оқылмауы тиіс, тек апостроф немесе жұмсақ не қатаң белгі – ь, ъ орнында қолдануы тиіс. Оның орнына «Х,х» (экс) әрпін қойып, оны кириллицадағы Х,х немесе һ әріптері сияқты оқытылатындай еткен дұрыс. Әріп жетіспей жатқан жағдайда 26 әріптің ешбірін қысқартпау керек.
2. «І, і» (ай) әрпін (9 орын ) тек қазақша І,і әріптері үшін қалдыру керек, ал И,и әрпін оныншы орынға ауыстырып, Й,й әріпімен бірге латынша «J, j» (джей) әріпімен белгілеу керек.
3. 21-ші және 23-ші орындарда кирилица әріптерінің орындарын ауыстыру қажет: «U, u» (ю) – У, у; «W, w» (даблю) – Ұ,ұ болғаны дұрыс. Бұл халықаралық терминедерге көбірек сәйкес келеді.
4. Диграфтар үшін әріптердің дауысты және дауыссыз дыбыстарға бөлінуіне әсер етпейтін бір дыбыссыз белгі «Н,Һ» таңдағандықтан, «Ng, ng» - ң, ң әріптерді сол дыбыссыз белгінің көмегімен құрауымыз керек: «Аһ, аһ» - Ә,ә; «Оһ, оһ» - Ө,ө; «Uh, uh» - Ү,ү; «Gh, gh» - Ғ,ғ; «Ch, ch» - Ч,ч; «Sh, sh» - Ш,ш; «Zh zh» - Ж,ж.
5. Сонымен, 42 әріптен тұратын қолданыстағы әліпбиден 33 әріптен тұратын латын әліпбиіне көштік делік. Ауысу кезінде қысқартылған 9 әріптің барлығы нақты белгіленуі керек.
«Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дегендей, латын әліпбиіне қатысты өз көзқарастарын білдіріп, ой бөлісіп, тіл тағдырына алаңдаушылық білдірушілердің айтқан пікірлерінің барлығын да маңызды деп білеміз. Дегенмен, мәселенің байыбына терең бармай, әліпби өзгертуді бұрынғы кирилл әріптерін латын әріптерімен ауыстыра салу деп түсінетіндер де бар. Егер бұлай түсінсек, қазіргі 42 әріпті өзгеріссіз латын әріптеріне ауыстыра салып, қайтадан орысша-қазақшасын араластырып сөйлеп-жазып жүре берсек, одан ештеңе де өзгермейтіні баршаға аян. Сондықтан әліпби реформасы нақты ғылыми ұстанымдарға сүйенеді.
Сұрақ көп. Бір мұғалім: «Қазақ мектебін латынша бітірген елдегі жоғары оқу орындарында орысша кирилицада оқытатын мамандықтарға түсе ала ма? Себебі, елдегі, Ресейдегі ЖОО дені ұлт-аралық тілде екені анық қой» - деп сұрақ қойды. Неге түспесін, түсе алады , себебі үш тіл де мектепте оқытылады. Қазіргі уақытта елімізде 3 тіл 2 әліпбимен – кирилица мен латын негізінде оқылып, игеріліп жатыр. Қазақ – латын әліпбиіне көшкен кезде де біз сол 2 әліпбиді қолданамыз. Бір сөзбен айтқанда бұның еш қиындығы жоқ, ал пайдасы мол.
Егер осы айтылған ой-түйіндерімізді нақты деректермен шегелер болсақ, бүгінде кирилл қарпін әлемде 250 миллион халық қолданса, латын қарпін жер бетінде 5 миллиардқа жуық адам пайдаланатынын көреміз. Болашағын айқындаған жасөспірім оқитын тілін тереңірек игеруге ұмтылады дейміз.
Біздің елімізде әліпбиді латынға көшіру ісі екі кезең арқылы жүргізілетіні белгіленген. Яғни, алғашқы кезеңде жаңа графиканың бірыңғай стандартты жобасын қабылдау қарастырылған.
Біздің Қазақстан 2050 жылға дейін 30 дамыған елдің қатарына кіруге ниетті. Сондықтан біз де латын әліпбиіне көшіп, ағылшын тілін игеріп, алдыңғы қатарлы білім, ғылым мен жаңа технологияларды білім бастауларынан алуымыз керек.
Қорытындылай келе, Елбасының даналық басшылығымен көркейіп келе жатқан жаңа Қазақстанның жаңа қазақ-латын әліпбиінің авторы Елбасы Н.Ә.Назарбаев болуы қажет дегім келеді. Бұл іс бізді халықаралық өркениет кеңістігіне жетелейтін үлкен істердің бірі болады. Осы 2017-2018 оқу жылында Елбасы Жарлығымен қазақ латын әліпбиін бекітіп, бірте –бірте тәжірибе жинай отырып, оны қолданысқа енгізу қажет. Бұл әліпби әлемдік өркениеттегі қазақ тілі мен еліміздің жаңашыл ұлт ретінде беделін одан әрі бекіте түсетініне күмән жоқ.
Әдебиеттер
<!-- [if !supportLists] -->1. <!-- [endif] -->Назарбаев Н.Ә. «Болдашаққа бағдар: рухани жаңғыру»атты мақаласы.- Астана, 2017 ж.
<!-- [if !supportLists] -->2. <!-- [endif] -->Бизақов С. Емленіескеруімізкерек// «Анатілі» газеті, 2013. № 7. 14-20 ақпан, 4- б.
<!-- [if !supportLists] -->3. <!-- [endif] -->Сейдулла Садықов. Латын әліпбиі түркі әлемін табыстырады// «Егемен Қазақстан» газеті, 2017ж.
<!-- [if !supportLists] -->4. <!-- [endif] -->Дүкен Мәсімханұлы. Әліпбиді ауыстыру қажеттігі – басы ашық мәселе// «Егемен Қазақстан» газеті, 2017ж.
<!-- [if !supportLists] -->5. <!-- [endif] -->Мұрат Жұрынов. Қазақ – латын әліпбиіне оң сапар//«Егемен Қазақстан» газеті, 2017ж.
<!-- [if !supportLists] -->6. <!-- [endif] -->Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі - Алматы: «Қазақстан», 1988.- 400 б.
<!-- [if !supportLists] -->7. <!-- [endif] -->Уәлиев Н. Қазақ графикасы мен орфографиясының фонологиялық негіздері. КДА. – Алматы,
1993. – 25 б.
<!-- [if !supportLists] -->8. <!-- [endif] -->Жунисбек Ә. Әліпбиауыстырудыжазуреформасынаайналдырукерек. - Орал: Ағартушы,
2007.-32 б.